KZ RU

Президенттің БАҚ саласындағы сыйлықтарының иегерлері анықталды

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау туралы Өкімі шықты. Бұл туралы ELnews.kz ақпарат агенттігі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап, хабарлады.


Сонымен, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы 2018 жылғы сыйлықтары отандық бұқаралық ақпарат құралдарын және ақпараттық-сараптамалық электронды ресурстарды дамытуға қосқан үлесі үшін «іnformburo.kz» интернет-порталының бас редакторы - Дорофеев Михаил Викторовичке; қазақстандық журналистиканы және ұлттық телевидениені дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Астана» республикалық телеарнасының бас директоры - Танысбай Ләззат Мұратқызына берілді.

Ал, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттары «Хабар» республикалық телеарнасының сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Әділова Айгүл Нұрханқызына Мемлекет басшысының қызметін жан-жақты әрі сапалы жариялап-көрсеткені үшін; «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Жиенәлі Мейіржан Әлібекұлына отандық телевидениедегі ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларды ілгерілету ісінде қол жеткізген кәсіби жетістіктері үшін табысталады.

Бұған қоса, масс-медианың бірқатар өкілдеріне Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы жарияланатын болды. Оған отандық телевизиялық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін «Алматы» телеарнасының шығармашылық ұжымы; Астананың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуындағы маңызды тақырыптар мен негізгі мәселелерді жариялап-көрсетуге қосқан ерекше үлесі үшін «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымы; еліміздің өскелең ұрпағын тәрбиелеу ісіне және қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «Балдырған» республикалық балалар журналының шығармашылық ұжымы; Қазақстандағы Өзбекстан жылын және түрлі салалардағы Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығын дамыту мәселелерін жариялап-көрсеткені үшін «Өзбекстанның ұлттық телерадиокомпаниясы» шығармашылық ұжымы ие болды.
Басқа да:

Пайдалы кеңес