KZ RU

Атырауда қызылшамен ауырған балалар вакцинациядан өтпеген

Атырауда қызылшамен ауырған балалардың көбі вакцинациядан өтпеген. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қазіргі таңда қызылша ауруының төмендегенін айтады. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

Брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Ұлжан Мұхтарова облыстағы осы аурудың таралу жағдайы туралы хабардар етті.

 

«№2 облыстық ауруханада 111 бала емделді. Бүгінгі күні 30 бала ауруханаға жатқызылды. Олардың жағдайы тұрақты. Жалпы алғанда, иммунды ферментті зертхана арқылы қызылшаның 54 жағдайы расталды. Ауру көрсеткіші төмендегенін атап өткім келеді. Қызылшаның  ауыр жағдайлары байқалмайды. Негізінде, уақытылы вакцинациядан өтпеген балалар зардап шегеді. Бұл жұқпалы аурулар санының өсу себептерінің бірі», - дейді Ұлжан Мұхтарова.

 

Мамандардың айтуынша, қызылшаның  жоғары деңгейі балалардың 90%-ның қызылшаға қарсы вакцина алмауына байланысты. Туа біткен иммунитет балаларға берілмейді және олар жұқпалы ауруға  аса сезімтал болады. Статистика бойынша, облыста 30 жасқа дейінгі 8 мыңнан астам адам егілмеген.

 

Сондай-ақ, қызылшамен ауыратын балалардың 90%-ы егу жасына жете алмаған балалар. Әдетте, вакцинация 1 жастағы немесе 6 жастағы балаларға беріледі.

 

«Ата-аналардың өз балаларын вакцинациялаудан бас тартуы жағдайды қиындатады. Дифтерия, скарлатинаның аурулары оқшауланып тұр. Әзірге, біздің облыста мұндай аурулар жоқ. Сондықтан біз барлық ата-аналарды вакцинациядан бас тартпауға шақырамыз», - дейді Ұлжан Мұхтарова.

 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнар Танбаеваның айтуынша, соңғы деректер бойынша 6 жасқа дейінгі 4144 баланың ата-анасы вакцинациядан бас тартқан.

 

«Талдау жүргізілді. Медициналық себептер бойынша вакцинациядан өтпегендер бар, бірақ көбінесе өздері бас тартады. Биыл біз 31 450 адамды вакцинациялауымыз керек. Бірінші тоқсанда 4,7 мың адамды егу жоспарланған. Бұл жұмыс жүргізілді. Аурулардың артуына байланысты біз қосымша 7000 доза вакцина сатып алуға өтінім жасадық»,- дейді Гүлнар Танбаева. 

 

Дәрігерлердің айтуынша, адамдар вакциналарды қабылдаудың маңыздылығын түсінді. Сондықтан, бұрын вакцинаға қарсы егілмеген адамдар медициналық мекемелерге келіп егіліп жатқандарын айтты.


Пайдалы кеңес