Астанада өтіп жатқан «Global Silk Road» форумында адамға ұқсас робот-әйел София Астана қаласы туралы әсерін айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаев еңбегін де атап өтті, деп хабарлайды ELnews.kz.
Елордада шілденің 2-3 күндері өтіп жатқан Жібек жолы елдері қалаларының басшылары форумына әлемдегі адамға ұқсас алғашқы робот та қатысатынын бұдан бұрын хабарлағанбыз. Сауд Арабиясының азаматы саналатын робот елордадағы жиынның пленарлық сессияларының бірінде Астананың даму жолында теңдесіз серпіліс жасаған ультразаманауи қала екенін атап өтті.
Сонымен қатар, робот-әйел Қазақстан Президентінің елорданың қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқанын да атап өтті.
«Астананы Президенттеріңіздің перзенті деп атайды. Нұрсұлтан Назарбаев қаланың бас сәулетшісі саналады. Оның қолымен сызылған көптеген нысан астаналарыңыздың символына айналды, ал оның көреген саяси шешімі тұтас елдеріңіздің саяси және экономикалық табысқа жетуіне ықпал етті», - деді ол.
Еске сала кетейік, осыған дейін София есімді робот әйел Астанадағы форумға келе жатқанын хабарлаған болатынбыз.