KZ RU

Пойыз апатынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазалы отбасына 2 миллионнан астам теңге, зардап шеккендерге алған жарақаттарының денсаулығына келтірген залалының ауырлығына байланысты 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін берілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz.


Бүгін Жамбыл жол бөлімшесінің Шу станциясында «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев, ҚР ИДМ Көліктерді бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев № 9 «Астана-Алматы» жолаушылар пойызының жолдан шығып кетуіне қатысты оқиға бойынша журналистермен брифинг өткізді. Сондай-ақ, брифингке Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де қатысты.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев зардап шеккендерді қолдаудың барлық мүмкін шаралары жасалып жатқандығына тоқталды.

Қазақстан Республикасы заңнамасы бекіткен төлемдерден өзге, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазалы отбасына 2 миллионнан астам теңге, зардап шеккендерге алған жарақаттарының денсаулығына келтірген залалының ауырлығына байланысты 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін беріледі.

Сондай-ақ, жолаушылар «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «НСК» сақтандыру компаниясымен өткен жылы жасасқан келісімшартына орай тиісті өтемақы ала алады. Сақтандыру компаниясының қосымша өтемақы төлеу мәселесі «ҚТЖ» ҰК» ААҚ-ының ерекше бақылауында тұр.

Қ. Алпысбаевтың айтуынша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ жанынан жедел штаб құрылды. Ол вагондардың жолдан шығып кетуіне қатысты барлық зардапты жоюдың шараларын үйлестіреді.

Оқиға болған жерде 9 әртүрлі техникалар мен 300-ге жуық теміржолшы қалпына келтіру жұмыстарын жасауда. Пойыз қозғалысы екінші жолмен жүргізілуде.

Арнайы комиссия оқиғаның себебін сараптауда. Оның нәтижесі қосымша хабарланады.

- Қазіргі кезде жол телімінің инфрақұрылымы техникалық тексеруден өткізілуде. Жылжымалы құрамның инструментарлық өлшемі жасалуда. Сараптау нәтижесі зерделенуде, - дейді компания басшысы.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметтік тергеу амалдарын жүргізуде. Соған орай оқиғаның себебі сараланады. Теміржол телімі түгелдей тексеріледі. Локомотивтер мен вагондардың жағдайы тексеріледі. Пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне талап күшейтілді.

Болған оқиға бойынша Бас көлік прокуратурасы қадағалауымен құқық органдары қылмыстық іс қозғады.

Еске сала кетсек, кеше 17 маусым күні шамамен сағат 13.25-те «Шығанақ-Шу» учаскесінің «Жиделі-Бірлік1» перегонында жолаушылар тасымалдайтын Астана қаласынан Алматы қаласына қарай шыққан №9 пойыздың 6 вагоны рельстен шығып кеткен. Пойыз апатынан 14 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапқан болатын.

Пайдалы кеңес