KZ RU

Бұл түн неге «Қадір түні» деп аталды?

ELnews.kz - Бүгін, яғни 11 маусымнан 12 маусымға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Деректерде қасиетті түн ораза айының соңғы он күнінің бірінде болады деп айтылған. Бұл түн туралы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» жазылған. Сүреде Қадір түні мың айдан қайырлы екені де бар.
Қадір түні періштелер дұға оқып, мұсылмандарға тілеулес болады. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни 83 жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады.

Қадыр түні адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем» деген мағынаны, «құдырет» деген мағынаны білдіреді.

Жаратушымыздың өзі «Қадір» сүресінде: «1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады», - деп баяндайды.

Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Аллаһ Тағаланың мейірімі төгіліп тұрады.Қадір түні баршаңыз мейірім мен шапағатқа бөленіңіздер!

Пайдалы кеңес