Тараздық тұрғындар мен ұстаздар №43 мектептің директорының үстінен шағымданды. Жыл басынан соңына дейін ақша жинайды дегендер мектеп басшысының қызметтен кетуін талап етіп отыр, деп хабарлайды ELnews.kz Almaty.tv -ға сілтеме жасап.
Бұл Тараздағы №43 мектептің ата-аналары. Олардың айтуынша, білім ошағының директоры «Қит етсе әр баладан қаржы жина» деп, бар мұғалімді қыстайтын көрінеді. «Жыл сайынғы мектептің жөндеу-жұмыстарына ақша жинау дәстүрге айналып кетті», – дейді.
Олардың сөзін мектеп ұстаздары да растап отыр. Айдауға көнбеген мұғалімнің артына майшаммен түсетін көрінеді. Мейлі ол жас маман, не 30 жылдық өтілі бар ұстаз болсын, бәрібір. Айтуынша, ауырған адамға емделуге мұрша жоқ. Сырқаттанудың жазасы – жұмыстан қуылу.
Ұстаздар қауымы мектептегі тәртіпті «диктаторлыққа» теңеп отыр. Олардың сөзінше, мұғалімдерді кез келген сабақтың үстінде шақырып, жиын жасайды екен. Тіпті, декреттік демалыстан шыққан қызметкерге қойылған «ставка» бар көрінеді. Ал бұл деректерді директор басы бүтін жоққа шығарды. Айтылғандардың бәрін жала деп, керісінше, сол сөзді таратқан ұстаздарды сотқа бермек.
Бірін-бірі сотқа сүйреген білім ордасының мәселесін шешу үшін шұғыл түрде комиссия құрылды. Жағдай облыс әкімінің бақылауында. Комиссияның шығарған қорытындысын білім бөлімінің басшысынан естиміз. Дегенмен мұны ұстаздар желбуыз жиынға санап отыр. Себебі ұстаздар мен ата-аналардың айтуынша 2017 жылы да дәл осы жағдайда бұл директор №25 мектептен жұмыстан кеткен. Сондықтан қызметке қайта оралған басшыға шағымданушылар жоғарыдан шара қолдануды сұрайды.