KZ RU

ҚР СІМ: Бүгін Қазақстанның 217 азаматы Қытайдан Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді

Қытай тарапымен қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде «Эйр Астана» әуе компаниясының рейсімен 11 ақпанда ҚР 217 азаматы Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді, тағы 155 қазақстандық 2020 жылдың 12 ақпанында жеткізіледі, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

Қытай тарапының өтініші бойынша 10 ақпанда «Эйр Астана» рейсімен Қазақстаннан ҚХР 43 азаматы және ҚХР Елшілігі мен ҚХР Бас консулдығының Алматыдағы коммерциялық емес жүгінің бірінші бөлігі тасымалданды. Екінші бөлігі жеткізіледі.


«Осы жылдың 10 және 12 ақпанында азаматтарды эвакуациялағаннан кейін Қытай аумағында ҚР 343 азаматы, оның ішінде біздің шет елдегі мекемелердің қызметкерлері мен отбасы мүшелері қалады», — деп хабарлады сыртқы істер министрі.


ҚР Елшілігі Білім және ғылым министрлігімен және ҚХР ЖОО-ларымен бірлесіп, қазақстандықтарды қажетті медициналық жабдықтармен және тамақпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр.


ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР-дағы ҚР-ның барлық шет елдердегі мекемелерінде ҚР азаматтарына кеңес беру үшін жедел желілер құрылған. СІМ мен ҚР-ның ҚХР-дағы мекемелерінің веб-сайттары арқылы, сондай-ақ түрлі әлеуметтік желілер арқылы (faceboоk, instagram, telegram, weibo, wechat және т. б.) ағымдағы жағдай туралы азаматтарды дер кезінде хабардар ету жүзеге асырылуда.


Бүгінгі таңда СІМ ұсынымы бойынша ҚР 450 азаматы Қазақстанға өздері оралды.


«Жоғарыда аталған шаралар қытай тарапымен тығыз байланыста жүзеге асырылуда, бұл Қытай аумағындағы ҚР азаматтарымен байланысты барлық мәселелерді конструктивті түрде шешуге мүмкіндік береді. ҚХР аумағындағы біздің азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге кедергі келтіретін ешқандай да проблемалар жоқ», — деп сендірді сыртқы істер министрі.


ҚХР-дағы ҚР Елшілігінде бар ақпарат бойынша, 2020 жылғы 11 ақпандағы жағдай бойынша ҚХР аумағында коронавирустың жаңа түрі тудырған пневмониямен ауырғандар арасында қазақстандық азаматтар жоқ.


Пайдалы кеңес