Түркістан облысы өткен жылдың қорытындысы бойынша республика көлемінде бала туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша 1-орынға шықты. Бұл туралы Түркістан облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz.
2019 жылы бұл өңірде 55 845 бала дүниеге келген. Ал, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша Түркістан облысы халқының саны — 2 018 116 адамды құрады, соның ішінде қалалық жерде — 405 539 адам, ауылдық жерде — 1 612 577 адам тұрады.
Сонымен қатар, былтыр көші-қонмен облысқа келген халықтың саны — 55 385 адамды құраған. Ал облыстан кеткендердің саны — 66 665 адам.
Айта кетейік, қаңтар айының соңында Түркістан облысында үшем туғанын хабарлаған болатынбыз. Ал, былтыр Түркістан облысында бес үшем дүниеге келген.