KZ RU

Балабақшаға жолдаманы ұялы телефон арқылы алуға болады

Нұр-Сұлтан қаласында биылдан бастап баланы балабақша кезегіне қою және оған жолдама алу ұялы телефон арқылы жүзеге асады. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz.

 



Енді баланы балабақшаға орналастыру үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет емес. Компьютер арқылы жүзеге асатын қызметтерді смартфон арқылы алуға болады. 


Электронды жүйеде әр балабақшаның орналасқан жері, бос орындар саны және тағы басқа мәліметтер тұрады. 


"Әр ата-ана өзіне ұнайтын немесе сәйкес келетін балабақшаны таңдап, ол туралы қажетті ақпаратты электронды пошта арқылы ала алады. Таңдаған балабақшада бос орын пайда болған кезде ол туралы поштаңызға хабарлама келеді. Енді ата-аналар тәулік бойы компьютердің алдында отырмайды. Хабарлама түскен кезде жүйеге кіріп, қажетті әрекеттерді жасауға мүмкіндік бар. Қалғаны бәрі бұрыңғыдай қалады. Кезекте тұрған азаматтар хабарламаны алғаннан кейін үш күннің ішінде жүйеге кіріп, жолдама алуы қажет. Ал жолдаманы алмаса, аталған құжат кезекте тұрған келесі адамға беріледі. Жаңартылған жүйе 10 маусымда іске қосылады. Сол кезде, шамамен, 17 мың бос орын шығарылады. Басында 2016 және 2017 жылы туған балаларға арналған орындар жарияланса, 14 маусымда 2015 жылғы балаларға, ал 19 маусымда 2013-2014 жылы туған балалардың орындары шығарылады. Жүйеге бұрынғыдай e-astana арқылы кіруге болады", - дейді Басқарма басшысы Әнуар Жанғозин.



Сонымен қатар, түсіндірме жұмыстары 30 мамырдан бастап 6 маусым аралығында сағ.9.00 бастап 14.00-ке дейін апта бойы елордалық екі оқушылар сарайлары негізінде жүргізіледі. Үлгермеген ата-аналар кез-келген мемлекеттік балабақшаға барып консультациялық көмек ала алады. Олар үшін 15-22 маусым аралығында сенбі күндері оқушылар сарайында түсіндіру жұмыстары қайта өткізіледі. Жалпы түсіндірме жұмыстарының кестесі bilim.astana.kz сайтында бар.

Еске сала кетейік, e.astana.kz жүйесінің жаңарған нұсқасы 10 маусымнан бастап жұмыс істейді, ұялы телефон арқылы да 10 маусымнан бастап қолжетімді болады (Назар аударыңыз! Мобильдік қосымшасын жүктемейміз, телефондағы браузер арқылы кіреміз).


Пайдалы кеңес