KZ RU

Елордалық пара-каратэшілер халықаралық жарыста 16 медаль жеңіп алды

Елордалық спортшылар пара-каратэден өткен «Nur-Sultan Open 2019» бірінші халықаралық инклюзивті турнирінде 16 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

Жарыс қорытындысы бойынша команда қоржынына 4 алтын, 5 күміс және 7 қола жүлде салынды. Додаға Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан 500-ге жуық спортшы қатысты. Елордалық команда сапында барлық мүгедектік түрі бойынша әр түрлі жастағы пара-каратэшілер күш сынасты. Ережеге сәйкес, жекпе-жектерге тек денсаулығы бойынша шектеу қойылмаған қатысушылар ғана жіберілді. Пара-каратэден Қазақстандағы алғашқы халықаралық инклюзивті турнир 21 мамырда аяқталды. Шараны ұйымдастырған – Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласының WKF каратэ-до және дәстүрлі жауынгерлік өнер федерациясы мен «Асыл Бала» қауымдастығы.


«Nur-Sultan Open 2019» турниріне пара-каратэден Әлем чемпионы, РФ Балалар құқығы жөніндегі қоғамдық палатасының мүшесі, протезбен 42 км жүгірген марафоншы Сергей Бурлаков қонақ ретінде шақырылды. Танымал спортшы өз өнерін көрсетіп, елордалық мүгедектігі бар балаларға арналған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Әсия Тұрсыноваға «Жеңіске деген еркі үшін» арнайы сыйлықты табыстады. Инклюзивті турнирдегі басты тосын жайт – кикбоксингтен Әлемнің 11 дүркін чемпионы, Голливуд жұлдызы Дон Уилсонның шараға қатысуы болды.


«Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды, Сергей Бурлаковтың да қатысқанына қуаныштымыз, оны бәріміз де жақсы көреміз, ол әрдайым спортшыларға кеңес беріп, ақылын айтады. Дон Уилсонның келетінін ешкім де күтпеген, балалардың көбі оның фильмдерін көрген, Дон өте ашық адам, бәрімен сөйлесіп, суретке түсті. Жүлделі орындар үшін медальдарды Донның өз қолымен табыстағаны біз үшін асқан құрмет. Ұйымдастырушыларға рахмет, әсіресе, бапкеріміз Мейрамгүлге, турнир мереке сияқты өтті, бәріміз де жақсы әсер алдық», - дейді пара-каратэден республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері Ләззат Жүсіпова.



Пайдалы кеңес