KZ RU

8 жасар қызды өлтірген қаратаулық азамат ұсталды

Жамбыл облысында кәмелеттік жасқа толмаған қызды өлтірген адам ұсталды, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

2019 жылдың 24 сәуірінде Талас ауданы Қаратау қаласының кәмелеттік жасқа толмаған тұрғыны жоғалып кеткен болатын. Ағымдағы жылдың 25 сәуірі күні қаланың сыртынан  жоғалған қыздың мәйіті табылып, Полиция департаментімен қылмыстық іс "кәмелетке толмағанды өлтіру" бабына ауыстырылды.


Аса ауыр қылмысты ашуға Ішкі істер министрлігінің, Жамбыл облысы Полиция департаментінің, прокуратура және тағы басқа күш құрылымдарының тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылды.


Күдікті 37 жастағы Қаратау қаласының тұрғыны болып шықты. Ол отбасылы, бұрын ұрлық дерегі бойынша істі болған.


Тергеп-тексеру кезінде күдіктінің үйінен заттай айғақтар табылды. Облыстық Полиция департаменті бастығының айтуынша, күдікті кінәсін толықтай мойындаған. Алдын ала болжам бойынша, жасөспірім басынан жарақат алған болуы мүмкін. Оның жантүршігерлік әрекетін қалай жүзеге асырғандығы жарияланбай отыр.


"Күдіктіге қатысты заттай айғақтар алынды. Ол Қазақстан Республикасының азаматы, 37 жастағы қаратаулық тұрғын. Жұмыссыз, үйленген, баласы жоқ. Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында біз бірнеше күннен кейін барлығын айта аламыз. Аталған дерек бойынша бірқатар сот медициналық сараптама кешені тағайындалды. Нәтижесі бір айдың көлемінде белгілі болады. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда", - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев. 



Еске сала кетейік, бұған дейін сабақтан кейін үйіне оралмаған 9 жасар қызға іздеу жарияланып, одан кейін жоғалған баланың өртенген мәйіті табылғанын хабарлаған болатынбыз.



Пайдалы кеңес