KZ RU

Қазақстан президенттігіне алғашқы кандидат құжаттарын тапсырды

Қазақстан президенттігіне алғашқы кандидат Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес 2019 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Сәдібек Түгелдің мына құжаттары ұсынылды: «Ұлы дала қырандары» Республикалық қоғамдық бірлестігі жоғары органның Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынаың үзіндісі; Түгел Сәдібектің Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм беру жөнiндегi өтiнiші; Өмірбаяндық мәліметтері; Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжатты; Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың жоғарғы білім туралы дипломдарының көшірмелері; Мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда жұмыс тәжірибесінің болуын растайтын құжат ұсынылды", - деп жазылған хабарламада.


Сәдібек Түгел 1955 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Аманкелді ауылында туған.
1980 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы Алматыдағы политология-басқару институтын (бұрынғы жоғарғы партия мектебі) тамамдаған.
Әскери міндетін атқарып келген соң Алматы мақта иіру фабрикасында слесарь болып жұмыс істеген. 
1977–1978 жж. Ұлан аудандық «Расцвет» – «Өркен» газетінде аудармашы, 1978–1979 жж. Ұлан аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, 1979–1984 жж. Ұлан аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1990–1991 жж. аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, 1991–1992 жж. халық депутаттары аудандық Кеңесінің тексеру комиссиясының төрағасы, 1992–1994 жж. аудандық «Ұлан таңы» – «Уланские зори» газетінің редакторы қызметтерін атқарған.
Мемлекеттік емтихан комиссиясының 1990 жылғы шешімімен политолог, жоғарғы және орта дәрежелі оқу орындарында әлеуметтік-саяси мәселелерінің оқытушысы мамандығын алған. 
1994–1998 жж. «Қазақ Телевидениесі мен Радиосы» Корпорациясында жауапты қызметтер атқарып, 1998–2003 жж. Елордамыз – Астана қаласының баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі, Астана Халықаралық баспасөз орталығының бас директоры міндетін атқарған.
2003–2005 жж. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұқаралық ақпаратпен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. Қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық Ат Спорты Түрлері Федерациясының Президенті болып қызмет атқарады.

Пайдалы кеңес