KZ RU

Өгей қыздарын қорлаған әйел туралы жаңа деректер шықты

Дәл қазіргі уақытта үш жасөспірім ауруханада. Қатты психологиялық қысымға ұшыраған қыздар үрей құшағында. Көрген қорлықтарын ашып айтуға да қорқады, деп хабарлады Оtyrar.kz

 

Өгей шешелері қыздарды құл сияқты ұстаған. Оларды жәбірлеуге қысқыш, оқтау, ине қолданған. Ал шайларына ыдыс жуатын гель қосып берген. Аяқтарын ыстық суға малған. «Әкелерің келгенде күліп тұрыңдар» деген қатаң тапсырмасы да болыпты.


Мұндай азапқа қыздар «әкеміз тағы да ауырып қалмаса екен» деген ниетпен төзіп жүріпті. Әкелері қыздардың анасымен ажырасқанда инсульт алып, қатты ауырған екен. Әкелерінің қиналғанын көрген қыздар тағы да осы жағдайдың қайталанбауы үшін төзіп баққан. Адамға тән емес айуани әрекетке барған өгей шеше қыздарды «түрмеге түссем де, қайтып келген соң естеріңнен кетпейтіндей етіп, кек аламын» деп қорқытқан.


Өгей ананың не үшін мұндай қорлық көрсеткені жұмбақ күйінде қалып тұр. Қамауға алынған оның 1 жас 7 айлық ұлы бар. Одан бөлек, 7 айлық шарана күтіп отыр екен. Тағы әйелдің бұл үйді мекен еткеніне 3 жыл болыпты. Өзі ана бола тұра өгей қыздарына күн көрсетпеген оның бұл қылығын туыстары да түсіне алмай әлек.


Әбден ашынған қыздардың туыстары «өгей шеше қатаң жазасын алсын» деп отыр.


Мамандардың айтуынша, үш жасөспірімнің денесінен көптеген жарақаттар, маңдай және оң аяғында инфекциялық жаралар және дененің көгеруі анықталған.


"12 сәуірде Жетісай аудандық ауруханасына үш жасөспірім түсті. Түскен кездегі жағдайы қанағаттандырарлық. Қыздарды травматолог, неврапатолог және психолог тексеріп шыққан. Денесінен көгерген іздер, түрлі жарақаттар анықталып, травматология бөліміне жатқызылды. Қазір қажетті емін алуда. Арнайы психолог жасөспірімдермен жұмыс істеп жатыр", - деді Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова.


Аталған жәйтқа қатысты Жетісай ауданындағы полицейлер қылмыстық іс қозғаған.


Пайдалы кеңес