KZ RU

Қорғалжын ауданында меценат көпбалалы анаға пәтер сыйлады

Қорғалжын ауданында «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, кәсіпкер, «Мирас-2000» ЖШС директоры Дәлел Жүзбаев көпбалалы әрі жалғызбасты ана Бақытгүл Қауысоваға пәтер сыйлады. Бұл туралы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz. 

 

Жас кәсіпкер бұл азаматтық ісімен «заманнан мейірім мен жақсылық кетті, адамгершілік жоғалды» деген ұғымға қарсы шығып, нағыз ердің бар екенін дәлелдеп берді. Ол, ең бастысы, бұл жақсылығы – көпшілікке үлгі болса екен дейді. Адамның күні адаммен болғандықтан, әлі талай қайырымдылықпен айналысып, жақсылық жасаудан жарысуды ұсынады.


Жалпы, Дәлел Шарифұлы компьютерлік технологиялар саласында Кентукки (АҚШ) университетін бітірген. Жас маман тұтынушылар үшін онлайн режимінде өз жүктерін бақылауға арналған сайт құрастырған. Өзін жоғары білікті маман ретінде көрсете білген Дәлел 2013 жылы ҚТЖ-ның «Ең үздік бағдарламашысы» атағын жеңіп алады. 2012 жылы бидай өсірумен айналысатын ірі фермерлік шаруашылық бизнесті өз мойнына алады. Сондай-ақ, егін себуді, күзгі жиын-терім науқанын өзі атқарады.


Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы секторында да күш-жігерін салып келе жатыр. Д.Жүзбаевтің бастамасымен 3 жыл бойы көптеген жұмыстар мен инновациялар жасалған. Атап айтар болсақ, егістік алаң 20%-ға арттырылды, техниканың бірлік саны көбейді, техникалық қондырғыларда GPS чиптерін қолданатын жабдықтар мен отынды мониторингілеу және бақылау жүйесі енгізілді, ауқымды алқапқа мәдени дақылдар  отырғызылды.


2017 жылы кәсіпкер өзінің қызметін әр тараптандыру үшін қаз құсын өсіріп, сатумен айналысып келеді. Жоспарда қой өсіру және жылқы  шаруашылығын дамыту ісі де бар. Егер тәжірибе өз нәтижесін беріп жатса, болашақта бордақылау алаңын құрмақшы.



Пайдалы кеңес