KZ RU

Қытаймен арада визасыз режим енгізу мәселесіне қатысты СІМ пікір білдірді

ELnews.kz – Соңғы күндері қоғамда қызу талқыланған мәселе – Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілетіні жөніндегі әңгімеге қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме таратты.

«Қазақстан Қытаймен арада визасыз режим енгізетін болыпты деген әңгіме соңғы аптада әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қызу талқыланғаны белгілі. Интернет-ресурстарда бұл ақпаратқа наразылық білдірушілер қарасы мол болды.

11 маусым күні Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Telegram каналында осы мәселеге қатысты мәлімдеме таратты. Хабарламада министрлік жоғарыда аталған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

«Қытаймен визасыз режим туралы ақпарат жалған болып табылады. Қазақстан Қытаймен визасыз режим енгізу туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Мессенджерлер арқылы таратылып отырған Қытай азаматтары үшін визалық режимді жою тәрізді ақпарат жалған, әрі арандатушылық мәнді болып табылады», - делінген СІМ хабарламасында.

Бұдан әрі министрлік Қазақстан тарапы Қытайдың халықаралық әуежайлары арқылы транзитпен өтетін Қазақстан азаматтары үшін визасыз болу мерзімін 24 сағаттан 72 сағатқа ұзарту, сондай-ақ Қытайға баруға ниетті қазақстандықтарға дербес виза ресімдеуді қайта бастау бойынша қытай тарапымен белсенді жұмыс жүргізіп отырғанын айтады.

«Осы бағыттағы жұмыс екі ел арасында қалыптасқан жан-жақты өзара әріптестік, тараптардың мүдделеріне өзара құрмет негізінде жалғасуда», - делінген хабарламада.
Басқа да:

12313

  • 09 шілде, 18:13

Пайдалы кеңес