KZ RU

Ақтөбе облысында 130 тонна наурыз көже мен бауырсақ таратылады

Ақтөбе облысында Наурыз мейрамында 130 тонна көже мен бауырсақ таратылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы кезінде Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева мәлімдеді, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

Спикердің айтуынша, Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар 14 наурыз - «Көрісу күні»  бастау алып, 14 сәуірге дейін жалғасады. Бір ай ішінде облыс тұрғындары батагөй ақсақалдар арасындағы байқауларға белсене қатысып, «Ұлы күні Ұлыстың, басы болсын ырыстың!» атты театрландырылған мерекелік бағдарламаларды тамашалайды, театрларда «Көжектің көжесі» атты балаларға арналған ертегілер, «Нарқыз» қойылымы, Өнер орталығында «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің мерекелік концерті  өтеді.


«21-22 наурыз аралығында облыс көлемінде 300 мың халықты қамтитын мыңнан аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аудандардағы елді мекендерде, орталық көшелер мен мекемелерде, кәсіпорындарда безендіру жұмыстары басталып кетті. Ақтөбеде 22 наурыз күні "Қазақ халқына мың алғыс" стелласы алдында "Наурыз – құт-береке бастауы" атты халықтық серуен ұйымдастырылады. Тұңғыш Президент атындағы саябақта қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру, күш сынасу және де тағы да басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі», - деп баяндады Маржан Қорғанбаева.


Ақтөбенің орталық алаңдарында, аудандардың елді мекендерінде кәсіпорындар, ұйымдар және кәсіпкерлік субъектілері 110 киіз үй тігіп, 78 мың литр наурыз көже, 33 тонна палау, 52 тонна бауырсақ дайындайды.


Пайдалы кеңес