KZ RU

Ақтөбеде екі мың теңге үшін екі зейнеткерді ұрып-соққан бұзақы іздестірілуде

Ақтөбеде екі мың теңге үшін екі зейнеткерді ұрып-соққан бұзақы іздестірілуде. Ол қорғансыз әйелдерді қол-аяғын матап байлап, тепкілеп, біреуінің көзі мен бетін пышақпен жарақаттаған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

 

72 жастағы Зылиха Қоспаева әбден үрейленіп қалған. Бет-аузы көгала торғайдай. Үйдің ішінде әлі қан іздері жатыр. Зейнеткер жайсыз жағдай кешқұрым болғанын айтады. Өзі ыдыс жуып, ал 65 жастағы сіңлісі сыртқы есік жабық па, тексеруге шыққан беті екен. Бір кезде үйге еңгезердей жігіт кіріп келіпті.Содан кейін не болғаны еміс-еміс ғана есінде. 

«Сіңлімнің бетін пышақпен осып жіберген. Даладай қан болды. Пышақты қардың үстіне тастай сала қашқан. Екеумізді де тепкілеп, ұрып-соқты. Менің тісім сынған. Дұрыс сөйлей алмаймын. Көршілер миллиодарың бар дейді, бер қане деді! Сосын сіңлім, қайдағы ақша, біз зейнеткерміз, алатынымыз тиын-тебен деген. Тағы да ұрды. Сосын сөмкедегі 1000 теңгені беріп едік, азсынды, сіңлім тағы да 1000 теңгені берді», - дейді Зылиха Қоспаева. 


Екі зейнеткерді бетінен, ішінен тепкілеп, ақша сұрауын доғармаған жігіт қоңырау соғуға оқталған Зылиха апаны байқап қап, телефонның сымын үзіп тастапты. Осы кезде зейнеткер далаға қашып үлгеріп, бар даусымен айқайлап көршілерінен көмек сұраған. 

«Тоғыз жарымдарда маған стучаться етті. Қорқып кеттік. Сосын скорая шақырып бердім», - дейді көршісі Зейнегүл Басанова.  

Зылиха Қоспаева мен сіңлісіне кімнің шабуыл жасағаны жұмбақ күйінде қалып отыр.


Қарақшылық шабуыл жасаған күдікті әлі табылмаған. Іздестіріліп жатыр.

«Аталған дерекке сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексніңі 192-бабы, қарақшылық бойынша тергеу жүргізіліп, күдіктіні анықтау бойынша қажетті шаралар қабылдануда», - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 


Зылиха Қоспаеваның пышақ жарақатын алған сіңлісі ауруханада ем қабылдап жатыр. Сол жақ көзі мен бет сүйегі зақымданған. Ал Зылиха апайдың өзі ауруханаға жатудан бас тартқан. Өйткені, болған жағдайдан кейін үй-жайын тастап кете алмайды.


Пайдалы кеңес