KZ RU

Қызылорда облысында жалған медициналық анықтамалар берілген

Қызылорда облысында берілген №086 медициналық анықтамалардың үштен бірі жалған болып шыққан. Бұл ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов айтты, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

«Қазіргі таңда, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында құрылған «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен мекенжай анықтамасы, №083, №086 медициналық анықтамалары және басқа да кейбір анықтамаларға талдау жүргізілуде. Талдау қорытындысымен кейбір анықтамаларды қолданыстан алу жөнінде ұсыныстар беру жоспарлануда. Көп жағдайда бұл құжаттар белгілі бір шешім қабылдауға ешқандай әсер етпейді», - дейді департамент басшысы.


Мәселен, облыс бойынша 2017 жылы денсаулық сақтау ұйымдарымен 11450 рет №086/е үлгісіндегі медициналық анықтама берілсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есеге артып, берілген анықтаманың саны 28529 данаға жеткен. Осы анықтаманы жалған әзірлеудің кең көлемді жүйесі дамыған.


«Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жүргізілген мониторинг нәтижесінде зерттелген 164 дана №086/е медициналық анықтаманың 53-і шынайлығы күмән тудыратын анықтама екендігі анықталған. Нәтижесімен осы факті бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жолданып, қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деді Абзал Мұхимов.


Одан бөлек, интернет сайттар мен әлеуметтік желілердегі хабарландыруларға жүргізілген мониторинг барысында санитарлық медициналық кітапшаны, құжаттарды дайындап беремін деген хабарландыру бойынша «Жасырын сатып алушы» әдісімен жалған санитарлық кітапшаны әзірлеу фактісі анықталды.


Жалған санитарлық кітапша жасау фактісі бойынша тиісті құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.


Пайдалы кеңес