KZ RU

Қарағандыда пәтер кезегіне заңсыз тұрғызу фактілері анықталды

Қарағанды облысының прокуратурасы тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй құрылысы саласына тексеріс өткізді, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

Қадағалау ведомствосы жергілікті атқарушы органдардың «Нұрлы жер» бағдарламасын және 2019-2020 жж. Жезқазған, Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша Кешенді жоспарды жүзеге асыру барысында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарына тексеріс өткізді.


«Нәтижесінде пәтерлерді қылмыстық жолмен алу, жалға берілетін және несиелік пәтерлерді заңсыз бөлу, бюджет қаражаттарын бақылаусыз жұмсау, 1200 адамды тұрғын үйге мұқтаждардың кезегіне негізсіз қою, 110 пәтерлерді жалға келісім-шарт бекітусіз беру фактілері анықталды», - делінген хабарламада.


Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралармен бюджетке 18 млн. теңгеден астам сома, 4 пәтер коммуналдық меншікке қайтарылды, пәтерлерді жалға беру туралы 94 келісім-шарттар бекітілді.


«5 жетім бала пәтер алды, кезекте негізсіз тұрған 1000 тұлға шығарылып, пәтерге нақты мұқтаж адамдардың үй алу мүмкіндіктері арттырылды. Қазір жоғарыда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер ҚК 189 және 190 баптары бойынша жүргізіліп жатыр. Прокурорлардың актілері бойынша 28 лауазымды тұлға, оның ішінде 12 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - дейді ведомстводағылар.

Пайдалы кеңес