KZ RU

Жезқазғанда «Ұлы дала мұрагерлері» атты форум өтті

ELnews.kz - Қарағанды облысының Жезқазған қаласында «Ұлы дала мұрагерлері» форумы өтті. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тәжірибені тарату жөніндегі теңдессіз жобаны Қарағанды облысына Назарбаев Зияткерлік мектептері: Талдықорған, Атырау, Қарағанды Зияткерлік мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері, білім беру бағдарламалары, педагогикалық шеберлік және педагогикалық өлшемдер орталықтарының қызметкерлері алып келді. Балаларға, олардың ата-аналарына, мұғалімдерге, оның ішінде ардагер-педагогтарға арналған іс-шараны Қарағанды облысының әкімдігі мен білім басқармасы ұйымдастырды.

Бірінші күні мектеп керуенін Ұлытау ауданында күтіп алды. «Қолдайық ауыл мектебін!» мерейтойлық науқаны аясында Зияткерлік мектеп оқушылары Ұлытау кентінің №1 орта мектебіндегі құрдастарымен кездесті. Педагогтарға олардың қарағандылық әріптестері Зияткерлік мектептердің тәжірибесін тарату бойынша ауқымды бағдарлама ұсынды, онда әдістемелік кеңес беру, шеберлік-сағаттар, оқытудың жаңартылған мазмұны және критериалды бағалау туралы тренингтер болды.

Екінші күні Зияткерлік мектептер делегациясы Жезқазған қаласында болды. Сәтбаев, Балқаш, Жезқазған, Жаңаарқа, Ұлытау кенттері мен басқа да аудандардың мұғалімдері №8 орта мектеп-гимназиясына жиналды. Пән мұғалімдеріне арналып бірнеше, атап айтқанда үш тілдік білім беру, білім беруді цифрландыру, сындық бағалау, жаңартылған мазмұндағы оқулықтар  бағытында шеберлік-сыныптар дайындалды. Жүйелік-әдістемелік кешенде жиналған материалдарды жүктеу үшін консультациялық сайттар мен жүктеу бөлімдері жұмыс істеді. Сол күні қарағандылық делегация Қарттар үйіне барып, ардагерлерге арнап концерт беріп, оларға кітаптар мен сыйлықтар ұсынды.

Үшінші күні орталық алаңда балалардың шығармашылық жұмыстары, яғни керамика, кілем тоқу, кескіндеме, графика және басқа да қолөнер бұйымдары ұсынылған «Шеберлер қаласы» көрмесі ұйымдастырылды. Әжелер ұжымы киіз тоқу бойынша шеберлік-сыныбын әзірледі. «Қара жорға» флешмобы, эковелошеруі, «Жезқазған өңірін дамыту үшін не қажет?» тақырыбындағы TEDx, «Қазақтың жүз әні», «100 кітап», «Жүз күй» әлеуметтік жобалар қорытындысы бойынша әзірленген жобалар ұсынылды.

Мемлекеттік рәміздер күні аясында өтіп, аймақтық «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламалар тізіміне енген «Ұлы дала мұрагерлерінің» эпицентрі қалалық достық үйі болды. Мұнда Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының ғылыми, әлеуметтік және шығармашылық жобаларының үлкен көрмесі ашылды. Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғаларды көрсеткен Атырау Зияткерлік мектебінің көлеңкелі театры, Василий Изосимовтың басшылығындағы Талдықорған мектебінің хоры, Қарағанды мектебінің домбыра оркестрі, Ұлы Жібек жолының өмірінен хореографиялық қойылымның қатысушылары және басқа да жас таланттар көрермендердің шынайы ықыласына бөленді.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Назарбаев Зияткерлік мектептерінің десанттары мен «Ұлы дала мұрагерлері» шығармашылық есебі Жезқазған өңіріне позитивті көңіл күй сыйлап, рухани сілкініс жасағанын атап өтті.






Пайдалы кеңес