KZ RU

Алматы облысында көпбалалы отбасыға меценат үй алып берді

Талғар ауданында тұратын көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. «Әлішер» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Сүлейменов меценат ретінде өз қаржысына Қуаныш және Мақпал Жанболаттар отбасына үй сатып алып берді. Бұл отбасының 2011, 2013, 2014, 2016 және 2018 жылы туған бес баласы бар. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты жазды, деп хабарлайды ELnews.kz. 

 

Көпбалалы отбасының тұрмыстық қиындықтарды кешіп жатқанын әлеуметтік желіден көрген облыс әкімі Амандық Баталов Талғар ауданының әкіміне жас отбасыға жәрдем көрсету мүмкіндіктерін қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Әлеуметтік желі жарияланымына орай «Әлішер» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Сүлейменов көмек қолын созуды жөн көрген. Сөйтіп Т. Рысқұлов ауылынан барлық қолайлы жағдайы жасалған жаңа үш бөлмелі үй табылып, сол күні меценат сол үйді 9,5 млн. теңгеге сатып алды.


Жас отбасын жаңа қонысымен құттықтауға облыс әкімі Амандық Баталов барды. Көп балалы отбасы бұған дейін өздері жалға алып тұрған бұрын монша ретінде пайдаланылған жатақтан жаңа үйге көшірілді. Меценат отағасы Қуаныш Жанболатқа жаңа баспананың кілті мен құжаттарын табыс етті. Аудан әкімі көмек ретінде азық-түлік, көмір жеткізіп, 3 айлық сәбиге қоларба және басқа да балаларына ойыншықтар алып берді.


Өз кезегінде жас ата-ана көрсетілген көмек үшін шын жүректен ризашылықтарын жеткізді.

Атап өтсек, Жанболаттар отбасы Ұйғыр ауданында тіркеуде, бес балаға жәрдемақы алады. Қуаныш балалар үйінде өскен, сол қолында саусақтарының жартысы жоқ, сол көзі көрмейді. Бірақ бүгінге дейін мүгедектікке құжат тапсырмаған. Осыған байланысты Талғар аудандық әкімдігінің көмегімен атаулы әлеуметтік көмек алуға және мүгедектік бойынша жәрдемақы рәсімдеуге құжаттар жинақталып, дайындалуда.



  


Пайдалы кеңес