KZ RU

Қазақ жігіті қошқар көтеру сайысында рекорд орнатты

Алматыда қаладағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Асыл мұра» бағдарламасының жаңа маусымы басталды. Ораза айтта ұйымдастырылған спорттық шарада Ильяс Жұмай қошқар көтеруден рекорд орнатты, деп хабарлайды ELnews.kz.


Бүгін «Ораза айт» мерекесінің бірінші күні жиналған 3000-нан астам орталық мешіт жамағаты осы бағдарламаның ашылу салтанатына қатысты.

Олар концерттік бағдарлама және акробаттардың өнерін тамашалап қана қоймай, қошқар көтеру, асық ату, бағанаға шығу, арқан тарту, гір көтеру спорт түрлерінен өз күштерін сынап, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Осы жарыстарға қатысушылар жігерлік танытып, әсіресе қошқар көтеруге әуес болды. Барлығы 3 қошқар ойнатылды. Қатысушылардың бірі еркін күрес палуаны, ұлттык құрама мүшесі Ильяс Жұмай болды. Ол 40 кг салмақты қошқарды 205 рет көтеріп, рекорд орнатты.

- Осындай жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Жеңгеніме қуаныштымын. Одан да көп көтеруге күшім жетер еді, бірақ барлығы бірауыздан жеңісті маған бергендіктен жалғастырудың мәні болмады. Өзім еркін күреспен 8 жастан бері айналысып келемін. Сондықтан болар, ауыр болмады, - деп Иляс Жұмай өз ойымен бөлісті.

Айта кетейік, сондай-ақ, мешітке келушілерге арнайы айт мейрамының мерекелік дастарханы жайылды.

Ертең, маусымның 16-ы күні осы бағдарлама аясында мешітке келуші жамағат арасында футбол лигасы басталады. Almaty Arena стадионында өтетін ойындарға барша Алатау ауданы мешіттерінің жамағаты қатыса алады. Басталуы сағат 09:00-де.

Осы жолы лиганың жалпы жүлде қоры 1 млн теңгені құрайды. Қатысу тегін.

Сонымен қатар, осы күні футболдан бөлек барша көрерменге арналған тамақтану және белсенділік пунктері де қызмет атқарады. Олар ләңгі тебу, бамперболдан өз бақтарын сынауға мүмкіндік алады.

Ақпараттық және спорттық ХАБ баспасөз қызметі мәлім еткендей, өткен маусымда осы футбол лигасының жеңімпазы «Төле би» (Алмалы ауданы) мешіті болған. Ойындар әр сенбі және жексенбі сайын қаланың футбол алаңдарында күнтізбеге сәйкес өткізілетін болады.





Пайдалы кеңес