KZ RU

ШҚО әкімі Даниал Ахметов "коронавирус келді" деп шулаған жұртпен кездесті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Қытай арасындағы шекара өзге елдің азаматтары үшін жабылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz.

 


Зайсанға Өскеменнен облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп, алаңдаған жұртпен кездесті.


ШҚО-дағы Зайсан ауданының Сарытерек және Айнабұлақ ауылының тұрғындары «Қытайдан келгендерді коронавирусқа байланысты осы ауылдардағы медициналық пункттерге орналастырады» деген анық-қанығы белгісіз хабарды бір-бірінен естіп, наразылықтарын білдіруде.


Әлеуметтік желілерде Зайсан ауданының бас дәрігері мен оның орынбасары Сарытерек ауылының тұрғындарына әлдебір бұйрықты көрсетіп, ауылдағы амбулаторияға Майқапшағай шекара бекетінен бері қарай өткен азаматтарды 14 күнге жатқызып, бақылау жасайтыны, тіпті ауылдағы амбулаторияға төсектерді кіргізіп қойғаны жайында айтылып, видео арқылы көрсетілген-ді.


Ауыл тұрғындары «Мұны аудан басшылығы бізге неге алдын ала ескертпейді? Неге түсіндіріп айтпайды? Біз бұған қарсымыз» деп кеше өз наразылықтарын жеткізген-ді.


Содан кейін кеше түнгі 11-лер шамасында Зайсан ауданы әкімі бастаған, аудандық прокурор, Ішкі істер бөлімінің басшылары, аудандық аурухананың бас дәрігері ауыл тұрғындарымен кездесуге барған болатын.


Бұл туралы кеше түнде Зайсан аудандық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлыбек Қалибаев: «Халықпен кездестік. Түсіндірдік. Халық «Төсектерді алып кетіңдер» деп талап қойды. Көліктерді апарып, төсектерді алып кетті. Сарытеректе халық тарады. Ал Айнабұлақта халық қайта жиналғаннан кейін бардық. Төсектердің бәрін тиеп алып кетті. Қазір халық тарап жатыр. Халық «Ертең таңертең түсіндіру жұмыстарын жүргіңіздер» деп талап етіп отыр. Ертең бұйырса, келеміз» деген-ді.  


«Қытаймен екі арадағы шекара жабылды. Барлығыңызды сабырға шақырамын. Ал сол елден келген біздің 5 азаматымыз оқшауланып, карантинге жатқызылады. 3 күннен кейін Зайсанға тағы келіп жағдайды бақылаймын. Қазіргі уақытта Қытай шекарасынан бірде-бір кісі өткен жоқ. Бірден айтайын, шекарадан басқа елдің азаматтары өтпейді. Екіншіден, біз шекарадан тек қазақстандықтарды ғана өткізуіміз керек. Өйткені, олар біздің елдің азаматтары. Олар 14 күн бақылауда болуы керек» деді облыс әкімі.




Пайдалы кеңес