KZ RU

ҰБТ сынағында 0 балл алды

Семей қаласында ҰБТ сынағында түлектердің бірі ешқандай ұпай жинамаған, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

Бұл туралы қалалық білім бөлімінің жетекшісі Наталья Фесенко баспасөз мәслихатында мәлімдеген. Altaynews.kz хабарлауынша, 2018 жылғы ҰБТ-да Семей түлектерінің орташа көрсеткіші 84,7 балды құрады. Өткен жылғы орташа балл 82,6 болған көрінеді.

Сондай-ақ, биыл аталған қалада 182 түлек тестілеуде шекті балға қол жеткізе алмаған. Ал, бір түлектің ешқандай ұпай алмағаны белгілі болып отыр.

«Мен мемлекеттік комиссия мүшесі ретінде кейбір балалардың тестіні соңына дейін белгілемей, күтіп отырғанын көрдім. Тәрізі олар ата-аналарының тарапынан көмек күткен сияқты. Бірақ, көмек болған жоқ. 11-сыныпты бітірген оқушының бірде бір сұраққа жауап бермегенін басқаша қалай түсіндіруге болады? Біз ата-аналарға да, түлектерге де тестілер жауабын сатып алу, шпаргалка, телефон және басқа да заттар алып кіру сияқтыларға үміт артпаңдар деп айтудай-ақ айттық. Ұялы байланыс мүлде істеген жоқ. Кейбір түлектерден табылған шпаргалкалар көмектесе алған жоқ. Ол заттардың барлығы тек кедергі келтіретіні, алтын уақытты алатыны дәлелденген»,-деді Наталья Фесенко.

Енді белгіленген межеден өте алмаған, яғни қажетті балды жинай алмаған 182 түлек ЖОО-ға түсу үшін тамыз айында қайтадан емтихан тапсырады. Алайда олар гранттар конкурсына қатыспайды, тек ақылы оқуға түсе алады. Дегенмен, олардың жоғары ұпай жинаса кәсіптік білім орнына, колледждерге тегін түсуге мүмкіндігі бар.

Естеріңізге сала кетейік, алматылық түлек Шиара Құдайбергенова 25 маусымда ҰБТ тапсырып, 140 балл алды. Ол мектепте үлгерімі жоғары оқушы саналғанымен, Алтын белгіге үміткерлер қатарында болмаған.

Сондай-ақ, биыл 14 мыңнан астам түлек ҰБТ-дан өтпей қалды.


Пайдалы кеңес