KZ RU

Құтқарушылар үңгірде қалып қойған 12 баланы шығара алмай жатыр

Үңгірде қалып қойған 12 баланы құтқару жолдары қарастырылуда. Маусымның 23-і күні жаттықтырушыларымен бірге үңгірде адасып кеткен тайландтық 12 жас футболшы аман-есен табылды. Қазір оларды үңгірден шығарып алудың жолдары қарастырылып жатыр, деп хабарлайды ELnews.kz.

  

Тайландта 11 мен 16 жас аралығындағы 12 футболшы мен 25 жастағы жаттықтырушы жаттығудан кейін елдің солтүстігінде тау арасында орналасқан паркке қыдырып барған. Олар саябақ арасындағы үңгірді аралап көрмекке кіргенде кіреберісті су басып қалады. Ондаған шақырымға созылатын Кхао Луанг үңгірін жергілікті жерде «лабиринт» деп атайды. Оған кірген адамның адасуы оңай деседі. Бұл жолы нөсер жаңбырдың салдарынан үңгірдің біраз бөлігінің сыртқа шығатын жері жабылып қалған.


Құтқару операциясына Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия мен Қытай сарапшыларын қоса алғанда, мыңға тарта адам жұмылдырылған. Ақыры тынымсыз іздестіру жұмыстарынан кейін балалардың үңгірдің бір ыңғайлы жерін паналап отырғаны анықталды. Енді құтқарушылар балалар мен жаттықтырушысын су басқан үңгірден алып шығудың жолдарын іздестіріп жатыр.


Euronews-тің жазуынша, жеткіншектер жаңбыр басылып, су деңгейі азайғанша бірнеше күн сол жерде болуы мүмкін.


Сонымен қатар, оларды сүңгуірлер кірген тұстан алып шығудың да жолдары қарастырылып жатыр. Алайда ол үшін де бірнеше күн күтуге тура келеді. Өйткені, қалжырап қалған оқушылардың әл жинауы қажет. Үшінші жолы – үңгірдің төбесі арқылы алып шығу. Әскерилер бұрғының көмегімен ұзындығы 200 метрлік скважинаны кеңейтіп көруді жоспарлауда. Құтқару шаралары ұзап кеткен жағдайда құтқарушылар командаға дәрі-дәрмек, азақ-түлік пен су жеткізіп беруге әзір.


Пайдалы кеңес