KZ RU

Қарағанды облысында 15 көпбалалы отбасы баспаналы болды

17 мамырда Қарағанды облысында 15 көпбалалы отбасы пәтер кілттерін алды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

Жаңа баспанаға Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Приозерск, Саран, Теміртау, Абай, Нұра, Ақтоғай, Бұқар Жырау, Осакаров және Шет аудандарының тұрғындары ие болды.


Қоныс тойын тойлаушылар арасында Жезқазған қаласының тұрғыны 10 бала асырап отырған батыр-ана Жаңыл Бидәулетованың отбасы да бар.


Осыған дейін олар жалға алынған пәтерде тұрып келген. Пәтер кезегінде 2005-ші жылдан бері тұрған екен. Енді отбасы жергілікті кәсіпкер-меценаттардың арқасында баспаналы болып отыр. 


Ал Саран қаласында пәтер кілті көпбалалы ана Жанар Қанапинаға берілді. Оның жолдасы сылақшы болып жұмыс істейді, олардың төрт баласы бар. Бұрын отбасы пәтер жалдап тұрған. 


Қарағанды облысында мамырдың соңына дейін 133 көпбалалы отбасына пәтер кілттері табысталады. Биыл 560 көпбалалы отбасы өз баспанасымен қамтамасыз етіледі.
 


Пайдалы кеңес