KZ RU

Атырау облысында 500-ге жуық мұғалім жетіспейді

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев білім беру басқармасының басшылығына мұғалімдерді жұмысқа тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бүгінгі күнге дейін оқу орындарында 472 ұстаз жетіспейді, негізінен, орыс тілді мектептерде, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

- Біз осы сауал бойынша жұмыстар атқарудамыз. Облыстың бірқатар оқу орындарын араладық. Биылғы жылы 174 жас маман келеді деп жоспарлануда,- деп нақтылады Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратова.


Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев маман тапшылығы жағдайында Қазақстанның өзге облыстарынан тәжірибелі педагогтарды шақырту керектігін айтты.


- Қажетті мамандарды біздің өңірімізге шақырыңыздар. Біз оларға барлық жағдайды жасап, үймен қамтамасыз етуге дайынбыз. Бұл мектеп директорларына да қатысты. Конкурс жариялап, тәжірибелі маман қойыңдар. Ешкім сіздерге кедергі келтіріп, қарсы тұра алмайды,- деп атап өтті аймақ басшысы.


Сондай-ақ, облыс әкімі айта кеткендей, маман іздеу жұмысын тек білім беру басқармасы ғана іске асырмай, барлық деңгейдегі әкімдер де жүзеге асыруы тиіс. Осындай жағдайда ғана мәселе өз шешімін табатын болады.


Бұдан басқа, аймақ басшысы оқу орындарындағы жөндеу жұмыстарын өз уақытында аяқтауды тапсырып, жұмыстардың жүргізілуі оқу процесіне кедергі келтірмеу керектігін айтты. Жазғы демалыс тақырыбы да қозғалды. Нұрлан Ноғаев оқу лагерлерін балаларға табиғи қолайлы жағдай жасалған жерлерде өткізуді тапсырды.


Пайдалы кеңес