KZ RU

Өзге елге қоныс аударатындар құжаттарын миграциялық ХҚО арқылы рәсімдейді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еңбек мигранттарына арналған көші-қон орталықтарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер санын арттырады. Бұдан бұрын аталған орталықта шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер үшін жеке сәйкестендіру нөмірі ғана берілетін. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ELnews.kz.

 

«Еліміз бойынша 12 көші-қон орталығы жұмыс істейді. Бүгін кезектісін Қызылорда қаласында ашып отырмыз. Қазақстанға келетін еңбек мигранттары көп, бірақ барлығы қызметін заңдастыра бермейді. Бірнеше мемлекеттік органның арасындағы сергелдеңнен олар құжаттарын реттеуге асықпайды. Көші-қон орталығы – көлеңкеде жүрген еңбек мигранттарының заңды түрде тіркелуіне ықпал етеді. Осы ретте көші-қон ХҚО-сы арқылы көрсетілетін қызметтер саны көбейетін болады», – деп атап өтті мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов Қызылорда қаласындағы көші-қон орталығының ашылу салтанатында.


2019 жылғы ақпан айының соңына дейін көші-қон орталықтары арқылы келесі қызметтер көрсетіледі деп жоспарлануда:

  • ҚР аумағына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды тіркеу;
  • ҚР тысқары аймағына тұрақты тұруға шығатындардың құжаттарын рәсімдеу;
  • ҚР визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу.

Бүгінде ІІМ-мен бірлесіп ашылған миграциялық ХҚО-да еңбек мигранттары қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Бұл жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін де қоса рәсімдеуге болады. Бұрын мигранттар еңбек етуге берілетін рұқсат құжаттарын алу және оның мерзімін ұзарту үшін 6 мемлекеттік мекемеге барып, 3-5 күнін жұмсайтын. Қазір қажетті құжаттарды көші-қон қызметтерінің орталығы арқылы бір сағаттың ішінде рәсімдеуге болады.  


Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы көші-қон қызметтері орталығының ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Абзал Мухимов қатысты.


2018 жылы облыс бойынша 11 мыңнан аса шетелдік мигрант жұмыс істеуге берілетін рұқсат құжатын рәсімдеді.


Облысқа жұмыс істеуге келетін еңбек мигранттары құжаттарын рәсімдеу үшін Бектұрғанов көшесі 70 мекенжайында орналасқан миграциялық ХҚО-ға жүгіне алады. Жұмыс кестесі: 9.00-18.30-ға дейін үзіліссіз.

 


Пайдалы кеңес